Бақытымды мемлекеттік қызметтен таптым — Жайрангүл Рахманбергенова
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Май ауданының халқына қызметімен жағып отырған Жайрангүл Рахманбергенова — бақытын мемлекеттік қызметтен тапқан жан. Ол туған өлкесінің игілігі үшін 10 жылдан астам тер төгуде.
Жайрангүл Рахманбергенова — аудандағы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін абыроймен арқалап, бүгінде мемлекеттік қызмет аппаратындағы білікті мамандардың алдыңғы буынында келеді.
Бұл өңір сонау кеңес заманында атом сынақтарынан қатты зардап шеккен аумақ болғандықтан сонау тоқырау жылдары қатты жүдеп кетті.
Халық саны азайып, ауыл шаруашылығы күйреудің аз-ақ алдында тұрды. Тек кейінгі жылдары ғана мұнда шаруашылықтар көбейіп, елдегі шаруақор азаматтардың арқасында жергілікті экономиканың көші түзеле бастаған.
Осы ретте мал өсіріп, дала төсіне егін салған көпшіліктің мемлекеттен берілетін түрлі игіліктерді пайдалануы да заңдылық қой.
Ал ауылдағы жұртқа мемлекеттің жәрдемі мен ішкі бағытта ұстанған саясатын жеткізіп, халықты бірлік-берекеге ұйыту — жергілікті мемлекеттік органдардың міндеті.
Осы көште аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің қызметі ерекше байқалып қалады.
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деген даналығы бар ғой халқымыздың. Сол айтқандай, шалғай кетіп білім алып, өзге аймақта жұмыс істеп жүрсем де көңілімнің түпкірінде туған жер, туған өңір тұратын. Жеке фирмаларда біраз уақыт еңбек еткенде жүрек қалауым халықпен араласып, қоғам игілігі үшін қызмет атқару екенін түсіндім. Ақыры мемлекеттік қызметте бағымды сынауға бел будым. Алғаш 2012 жылы Ақтоғай ауданының аппаратына заңгер-бас маман болып қабылдансам, арада жыл өткенде Май ауданындағы әкімдікке бас маман болып ауыстым. Ол жерде біраз лауазымды қызметтерді атқарып, 2022 жылдан бері мұндағы ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі басшысының қызметіндемін. Кез келген тапсырылған міндетті беріліп, жұртқа қайтсе тиімді болады деген оймен істеймін. Нәтижесін көріп жатсам, қуанамын. Қателігім болса, сабақ аламын. Алдыңғы буын аға-апаларым септесіп, көмек қолын созып, қолдауларын тыйған емес. Мұндай жағдайда жұмыс істеу ісіме шабыт бітіріп, қанаттандырады. Әрине, ауылдың өркендеуіне аз да болса үлесімізді қоссам, мен үшін одан артық бақыт жоқ. Алдыма мәселе айта келген адамға жоқ деген сөз айтпаймын, хал-қадірімізше көмектесіп, бағытын көрсетіп жібереміз, -дейді ол.
Соңғы жылдар дересінде еліміздің өмірі үшін аса маңызды болған түрлі саяси науқандарды Жайрангүл көппен бірге ойдағыдай атқарысты.
Президент, Парламент депутаттарының сайлауы, ауыл әкімдерін сайлап қою сияқты маңызды саяси қадамдардың игілігі жергілікті жұртқа парасатты тұрғыдан дұрыс жеткізілді.
Нәтижесінде халық науқандарға аса ұйымшылдықпен қатысқанын көз көрді. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының халыққа арнайтын Жолдауларын, ҚР Үкіметінің бағдарламаларын түсіндіру мен насихаттау, аудан әкімі қызметінің негізгі бағыттарын жүзеге асырудағы ұйымдастыру-идеологиялық шараларды қамтамасыз ету, жергілікті акпарат құралдарының мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруын үйлестіру, қоғамдық ұйымдармен, діни бірлестіктермен, саяси партиялармен арадағы байланысты қалыптастыру, тағысын-тағы толып жатқан міндеттер бар бөлім жауапкершілігінде.
«Менің ойымша, кез келген мемлекеттік іс-шара елімізде тұратын әрбір азамат қалыс қалмайтындай етіп әзірленуі керек. Мәселен, соңғы жылдары аудан әкімі Ағыбай Әміриннің идеясымен өңірде қаншама креативті бастамалар қолға алынды. Соның ішінде халықты саламатты өмір салтына шақыратын іс-шаралар көбейді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай алдыңғы жылы мотошеру, былтыр автошеру өткізсек, биыл велошеру ұйымдастырдық. Оған кәсіби спортшылардан бастап, түрлі саланың өкілдері, дәрігер, мемлекеттік қызметші, қарапайым жұмыскерлер, жастар өкілдері қатысты. Ауданда 10 мыңға жуық халық тұрса, солардың белгілі бір тобы мерекелерде қамтылып отырады. Ерекше атап өтетін үрдіс, қазір мемлекеттік аппаратта, полицияда, медицина саласында жастардың буыны көбейген. Жастар болған жерде тың бастамалар жиі байқалып тұрады. Аудандағы іс қағаздары 100 пайыз мемлекеттік тілге көшкен. Халықтың негізгі бөлігін өзіміздің қаракөздеріміз құрағандықтан, мемлекеттік тілдің қолданысына қатысты мәселе туындап көрген емес», -дейді ол.
Әңгіме барысында мемлекетімізде қолға алынған меритократия жүйесін одан әрі дамытуды құптайтынын, себебі көп жастар қызмет орындарында жылжымай отырып қалғанына іші ашитынын жеткізді.
Жайрангүлдің өзі де аудан әкімдігінің аппаратында бір орында 10 жылдан астам тұрақтап қалған. Жаңа Қазақстанды дамытамыз десек озық ойлы жастарды түрлі салада сынап, қызмет орындарында өрлеуіне жол ашуымыз керек деп есептейді.
Айтып өтейік, Ж.Рахманбергенова жолдасы Дастан екеуі отбасында бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Дастан аудандық жергілікті полиция бөлімі бастығы лауазымын абыроймен атқарып жүрген азамат.
Еске сала кетейік, елімізде мемлекеттік қызметшілердің бәс тігуіне және букмекерлерді жарнамалауға тыйым салынды.