Бақытжан Базарбек: Прокурорлар аляқтық жасады деп айыптаған 29 жеке сот орындаушы әлі жұмыс істеп жүр
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың заң бұзған жеке сот орындаушылардың саладан шеттетілгені туралы мәліметіне күмән келтірді.

- Прокурорлар біраз сот орындаушысының әрекетінен алаяқтық фактілерін анықтаған болатын. Соған байланысты кейбір сот орындаушының қызметін тоқтатқандарыңызды айттыңыз. Факті өте көп – 660. Прокуратураның 2022 жылғы 5 шілдесіндегі сол кездегі Әділет министрі Қанат Мусинге жолдаған ұсынымы бойынша 29-ға жуық сот орындаушы лицензиясынан айырылуы керек болған. Әрқайсысының сайтына кірдік. Қазір жұмыс істеп жатыр. Сонда қай сот орындаушыны лицензиясынан айырып отырсыз? Бұлар жұмыс істеп жатыр ғой. Жекелеп айтсақ, ақша ұрлап, алаяқтық жасаған сот орындаушылар әлі жұмыс істеп жүр. 2Gis-ті де ашып қарадық, жұмыс істейді. Прокуратураның ұсынымын орындауға міндеттісіздер, - деді депутат Үкімет сағатында.
Министр лицензиядан айыру жазасын сот шешімі арқылы ғана қолдануға болатынын, судья ондай ұсынымды қолдамаса, орындау мүмкін емес екенін еске салды.
- Сіз айтқан деректер рас болса, әр кейс бойынша аты-жөнін тектеп отырып, тексеруге дайынмын. Бұл жерде адам факторы болуы мүмкін екенін терістей алмаймын. Бірақ әр жағдай бойынша әділет органдары сотқа жүгінгенін айтқым келеді. Ал соңғы нүктені тек сот қояды, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Осы жиында шағын несиесін өтемеген азаматтардың 2,5 млн құжаты жеке сот орындаушылардың қолында жүргені мәлім болды.