Бақытжан Базарбек: Соттар әлі әділдікті қорғайтын институтқа толық айналған жоқ
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек палатаның жалпы отырысында сот жүйесінде шешімін таппай отырған мәселелерді атады.
— Соттардың заңды күшіне енген шешімдері орындалмай келеді. Себебі баршаңызға белгілі. Ол үшін заңнаманы әлі де жетілдіруіміз қажет, кем тұстарын қоғамның бүгінгі сұраныстарына сай өзгерту маңызды.
Мәселен, өзім Мәжілістің қабылдау бөлмесінде бір күнде 160-тан астам азаматты қабылдадым. Бұл Парламентке деген сенім болғанымен, жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелер тиісінше жүзеге аспай, орталыққа дейін жетіп жатыр дегенді білдіреді, - деді депутат.
Оның ойынша, бұлай болмау үшін жергілікті органдардың жауапкершілігі мен жұмысын күшейту керек.
— Сот — әділдіктің, ақиқаттың, ең бастысы, адамның құқықтарын жан-жақты қорғайтын институтқа айналуы тиіс. Әзірше, бұл толығымен іске аспай отыр. Тағы бір түйткіл, қоғамда мәселе шешкіш делдалдардың, яғни «помогайкалардың» көбейіп кетуі. Бұл бойынша да әділ шешім қабылдап, оларға заңмен тосқауыл қойған жөн, - деді Бақытжан Базарбек.
Айта кетейік, бүгінгі Мәжіліс жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформасы талқыланып жатыр. Оған палата депутаттарынан бөлек, ғалымдар мен сарапшылар, БАҚ басшылары қатысып отыр.