Бақытжан Базарбек: Үкімет жұмысының басты нәтижесі —халықтың ризашылығы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек отставкаға кеткен Үкіметтің жұмысына халық қалаулысы ретінде өз бағасын беріп, жаңа Үкіметтің басты міндетін атады.

«Кеше отставкаға кеткен Үкімет басшысының кандидатурасын бекіткен кезде қарсы дауыс берген 5 депутаттың бірі мен едім. Себебі көп мәселе шешілген жоқ. Басқа салаларға тоқталмай-ақ қояйын, жер мәселесіне келсек. Тұрғын үй салуға берілетін 10 сотық жер мәселесі шешілмеді, құрылыс саласында сыбайлас жемқорлық белең алып отыр. Сейсмикалық қауіпті аймақтардың төтенше жағдайларға даярлығы өте төмен. Алматы қаласы жер сілкінісіне тіпті дайын емес. Қазір біздің қарауымызға құрылыс кодексі кірді. Жер сілкінісіне дайын емес, бұл кімнің жауапкершілігі? Әрине, Үкіметтің және құзырлы министрліктің. Осыған орай шұғыл шешімдер қабылдау қажет. Өкінішке қарай, жер және құрылыс саласында тиісті шаралар қабылданбауы себебінен сыбайлас жемқорлық, құрылыс лоббиі, өнеркәсіптердің санитарлық талаптарды бұзуы болып отыр. Экологиялық және санитарлық талаптарды бұзып, жаппай тұрғын үй салынып жатыр. Ол үйлердің қауіпсіздігіне ешкім жауап бере алмайды. Осылардың бәрі жер, құрылыс саласында кеткен саяси қателіктердің көрінісі», - деді Бақытжан Базарбек.
Оның айтуынша, отставкаға кеткен Үкімет артқан үмітті ақтаған жоқ.
«Мен тәуелсіз депутатпын, өз ойымды тәуелсіз айтамын. Халықтың жағдайын көріп отырмыз, онша емес. Баға қымбаттап жатыр. Өзіңіз білесіз, әлеуметтік жобаларды іске асыру үшін Ұлттық қордан триллиондаған қаржыны алып жатырмыз. Ұлттық қордан ала берсек, ертең не қалады? Болашақ ұрпаққа не қалдырамыз? Өнеркәсіп саласы да сол, бәрі мұнайға қарап отыр, соны өндіріп шығарамыз. Жаңа өнеркәсіп ошақтарын ашпаймыз. Ашсақ, оларға жабылу қаупі төніп отыр. Оған мемлекеттің тиісті қорғау амал-шарттары жеткіліксіз. Отставкаға кеткен Үкіметтің іс әрекеттері баяу болды, ол үшін жедел қимылдау керек еді», - деді ол.
Сондай-ақ, халық қалаулысы кейбір әкімдер бюджеттік бағдарламаны орындамай, соның салдарынан сөгіс алғанын айтты.
«Жер, мен құрылыс саласына миллиардтаған қаржы бөлінді, бірақ әкімдіктер жұмысты созып жіберді, кейбір ақшаның қайда кеткенін біз білмейміз. Жұмыстың ең басты нәтижесі халықтың ризашылығы», - дейді Б.Базарбек.
Одан бөлек, тәуелсіз депутат жаңа Үкіметтен қандай үміт күтетінін айтты.
«Жаңадан тағайындалатын Үкімет алдымен «халық» дегенді білу керек. «Халық» сөзі бес әріп, бірақ соның ішінде көп нәрсе жатыр. Яғни халықтың мұң-мұқтажы, әлеуметтік жағдайы мен тіршілік ету жай-күйі бірінші кезекте тұруы тиіс. Егер Үкімет алдымен статистиканы қойып, халықты кейінге қойса, одан ештеңе шықпайды. Халық – Үкіметтің басты мақсаты болу керек», - деп толықтырды Мәжіліс депутаты.