Бақшасында қарасора өсірген Тараз тұрғыны ұсталды

ТАРАЗ. KAZINFORM – 44 жастағы Тараз тұрғынына қатысты құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қарасора
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Күдіктіні «Қарасора-2024» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрықтады. 

Қарасора
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Сондай-ақ сарайдан «кептірілген марихуана» есірткі заты бар полиэтилен пакет және кептіру үшін кесіп дайындап қойған 90 түп қарасора бұтасы табылды. Бақшадан тағы 8 дана өсіп тұрған қарасора бұталары табылды. Алынған есірткі затының жалпы салмағы 44 келі 800 грамды құрады.

«Ер адам қарасораның бұталарын өсіріп, кептіріп, пакеттерге орап қойған. Ұсталған адам наркологиялық диспансерде есепте тұрады. Бұрын сотты болған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.

Айта кетсек, бұған дейін Астана қаласында жыл басынан 578 келі есірткі тәркіленгенін жазған болатынбыз.