Бақтияр Артаевқа ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы елшісі мандаты табысталды

АСТАНА.  ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында «Денсаулыққа құқығым бар/Right to health/Право на здоровье» деген атаумен қала тұрғындарына арналған ауқымды акция өтуде. 

Бақтияр Артаевқа ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы елшісі мандаты табысталды

СПИД-ке қарсы күрес айлығы қарсаңына орайластырылған шара барысында Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевқа ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы арнайы елшісінің мандаты табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл құрметінен бөлек жауапкершілігі де зор жұмыс. Өйткені біз АИТВ-пен ауыратын адамдардың жағдайын білеміз. Бұл өте күрделі мәселе. Ал арнайы елші ретінде маған жүктелетін міндет - халық арасына  шығып бұл аурудан қай жерде емделуге болатындығын, қалай алдын алу керектігін түсіндіру, насихаттау. Мәселен, менің түсінуімше, көп адамдар ауруын жасырып, өздерін қоғамнан тыс қалған жандар ретінде түсінеді. Сондықтан әсіресе жастарды спортқа, білімге бұрып, психологиялық оңалту жұмыстарын жүргізу қажет», - деді Бақтияр Артаев мандат тапсыру рәсімінен кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Бокстан еліміздің жеті дүркін чемпионы, Олимпиада чемпионы, Вал Баркер кубогының иегері Қазақстандағы арнайы елшісі болып қана қоймай Еуразия құрлығындағы 15-ке жуық елде де жұмыс істейтін болады. Яғни, аталған елдерді де аралап, ЮНЭЙДС-пен бірге  АИТВ-ке қарсы жұмыстар жүргізеді.  Айта кетерлігі, алдағы уақытта Бақтияр Мәскеуге барып, елші ретінде қай бағытта жұмыстар жүргізетіндігін таныстырады.

«Жоспар бар. Креативті адам болғаннан кейін ойлар да өте көп. Жақсы кеңестер беремін деп ойлаймын. Мәскеуде жұмыс бағытымды таныстырғанда оны біле жатасыздар»,-  деді Бақтияр Артаев.

Айта кетейік, әлем бойынша әр жыл сайын 2 миллионға жуық адам АИТВ жұқпасын жұқтырады. Ал Астана қаласында өткен 11 айда жаңадан 218 жағдай анықталды.