«Баку-Алматы» ұшағында тәртіп бұзған Үндістанның үш азаматы жазаланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәртіп сақшылары «Баку-Алматы» әуе рейсінен Үндістанның үш азаматын түсіріп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Баку-Алматы» ұшағында тәртіп бұзған Үндістанның үш азаматы жазаланды

«6 қараша күні Алматыдағы халықаралық әуежайдың желілік полиция бөліміне «Эйр Астана» әуе компаниясының өкілінен шағым түсіп, «Баку-Алматы» әуе рейсінің бортында тәртіп бұзған жолаушылар бары хабарланған. Шағым түсірушілердің сөзінше, ұшақ бортындағы шетел азаматтары әуе кемесінің борттық ережесін бұзып, экипаждың ескертуін елемей, басқа жолаушылардың да мазасын алған», - деп хабарлайды департаменттен.

Тексеру барысында құқықбұзушылардың 34, 40 және 41 жастағы Үндістан азаматтары екені анықталған.

«Істің мән-жайы анықталғанша үшеуі де жоғарыда аталған рейстен түсірілді» делінген хабарламада.

Көлік полицейлері шетел азаматтарының үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 566-бабы 1-бөлігі бойынша (Әуе кемесінің бортында тәртіп бұзу) әкімшілік хаттама толтырып, әрқайсысына 3 АЕК-тен айыппұл салды.