Бакуда жанартау атқылады
БАКУ. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бакуда, Локбатан кентіне жақын жерде лайлы жанартаудың атқылауы болды.
Әзірбайжан Төтенше жағдайлар министрлігінен журналистерге мәлім еткендей, Бакудың Гарадагск ауданындағы Локбатан кентіне жақын жерде лайлы жанартау атқылай бастап, оның арты өртке ұласты.
Оқиға орнына 7 өрт сөндіру бригадасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта лайлы жанартаудың атқылап жатқан жерінде өрт ауыздықталуда.
ӘР Ғылым академиясы Геология институтынан хабарлағандай, бұл вулкан ең белсенді лайлы жанартаулардың бірі болып табылады. Соңғы рет ол 2010 жылы атқылады. Бұл вулканның 24-інші рет атылуы. Жанартаудың маңында тұрғын үйлер жоқ, дегенмен онда мұнай скважиналары орналасқан.