Бакуде бақ сынап жатқан балуандарымыз екінші жарыс күні жаппай жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Бакуде дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің екінші күнінде Қазақстан дзюдошылары жаппай ұтылып қалды.
Нақтырақ айтсақ, ерлер арасындағы бәсекеде 73 келіде сынға түскен Жансай Смағұлов пен Бауыржан Әбдірахманов ширек финалға жетпей жарысты аяқтады.
81 келідегі отандасымыз Айбол Нысаналы бірінші белдесуінде түрік балуаны Мұса Симбектен ұтылса, Аңсарбек Ғайнулин Пуэрто-Рико балуанынан жеңіліп қалды.
Әйелдер арасында 63 келіде ел намысын қорғаған Зарина Сарипова венгр балуанынан айласын асыра алған жоқ. Тағы бір жерлесіміз Есімгүл Құйылова Нидерланд балуанына есе жіберді.
Ал 70 келіде сынға түсіп жатқан Екатерина Токарева Бразилия балуаны Эллен Фронерден жеңіліс тапты.
Енді, 18 ақпан ерлер 90, 100, +100 келіде, ал әйелдер 78, +78 келіде сынға түседі.
Бұл салмақтарда Қазақстан намысын ерлерден 90 келіде Ермахан Ануарбеков, Мұхаммедали Мавлидов қорғаса, 100 келіде Әділет Сапарғалиев, Ислам Бозбаев қорғайды, ал аса ауыр салмақта (+100 келі) Еламан Ерғалиев пен Әділ Оразбаев сынға түседі.
Әйелдер арасында 78 келіде Аруна Жангельдина мен Маргарита Гриценко күресетін болса, +78 келіде Кәмила Берліқаш пен Карина Такиева ел намысын қорғайды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше жарыстың алғашқы күні 48 келі салмақта сынға түскен отандасымыз Абиба Абужақынова қола медаль жеңіп алған болатын.