Бакуде Қазақстан Президентінің Жолдауына арналған баспасөз мәслихаты өтті
БАКУ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Бүгінгі қаржы дағдарысы әлемнің барлық дерлік елін әбіржітіп отырғаны баршаға аян.
Әр ел дағдарыстан шығудың өзіндік жолын іздестіруде. Наурыздың 6-сында Қазақстан Президенті республика халқына дәстүрлі Жолдау жасап, қазақстандықтар үшін бүгінгі экономикалық дағдарыстан шығудың жолын көрсетті. Осыған байланысты, кеше Бакудегі «Новости-Әзірбайжан» баспасөз орталығында Қазақстанның Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Серік Пірімбетов баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан Президенті Жолдауының негізгі тарауларымен әзірбайжандықтарды таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Президенттің сөзіне сілтеме жасаған Елші, Қазақстанның барлық қиындықты еңсеретіін атап көрсетіп, оның күшті, өркенді және әлемде құрметтелетін мемлекетке айналатынына сенім білдірді. Қазақстандық дипломат Жолдау жүктеген міндеттермен қоса, ЕурАзЭҚ кеңістігінде аймақтық валюта жасау туралы идеясын жария еткен ІІ Астана экономикалық форумының қорытындысына да тоқталып өтті.