Бакуде Қазақстанның Тәуелсіздік күні аталып өтті

Баку
Фото: Серікбол Қошмағамбетов

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай кездесу өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды.

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының мемлекет қайраткерлері, ресми тұлғалары, Парламент депутаттары, шет мемлекеттердің елшілері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, белгілі ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, жетекші талдау орталықтарының сарапшылары, БАҚ өкілдері, Әзербайжанда тұратын қазақстандықтар қатысты.

Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел өз сөзінде Тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі жетістіктерге тоқталды. Дипломат Қазақстанның Әзербайжанмен саяси, экономикалық, көлік-логистикалық, қорғаныс салаларындағы табысты ынтымақтастығына ерекше назар аударды.

Баку
Фото: Серікбол Қошмағамбетов

Ә. Байелдің айтуынша, қазіргі уақытта елдеріміз Орта дәліздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту, Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау, Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін өткізу сияқты өңірлік маңызы бар ірі жобаларды іске асыруда. Бұдан басқа, Әзербайжан арқылы Қазақстаннан Еуропаға электр энергиясын экспорттау мүмкіндігі талқылануда.

Әзербайжан Сыртқы істер министрінің орынбасары Самир Шарифов Қазақстанды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, 2023 жылғы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі қорытындыларына тоқталды. Әзербайжан Мәдениет министрінің орынбасары Фарид Джафаров жақында Бакуде ұйымдастырылған Қазақстанның мәдениет күндерінің табысты өткенін атап өтті.

көрме
Фото: Серікбол Қошмағамбетов

Сонымен қатар, жиынға қатысушылар Халықаралық түрік мәдениеті және мұрасы қорының жаңадан тағайындалған Президенті Ақтоты Райымқұлованы қызметке кірісуімен құттықтап, бұрынғы Президент Гүнай Эфендиеваға атқарған жұмысы үшін алғыстарын білдірді.

Іс-шара аясында Қазақстанға арналған тақырыптық фотокөрме ұйымдастырылды. Қонақтарға қазақ ұлттық тағамдары ұсынылды.

 

Серікбол Қошмағамбетов

Соңғы жаңалықтар
telegram