Бакуде мектеп формасына қарсылық танытқан 37 адам қамауға алынды
БАКУ. KAZINFORM - Әзербайжан астанасы Бакуде бірыңғай мектеп формасын енгізуге қатысты қақтығыстар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 37 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Azerbaijan Press Agency-ге сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір топ адам мектеп формасына қатысты талаптарға келіспей, мектеп қызметкерлерімен жанжалдасқан. Олар мемлекеттік мектептерге зиян келтіріп, көлік қозғалысы мен оқу процесіне кедергі келтіруге тырысқан.
Оқиғаға байланысты Әзербайжан Қылмыстық кодексінің қоғамдық тәртіпті бұзуға әкелетін әрекеттерді ұйымдастыру немесе оған белсенді қатысу туралы 233-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ішкі істер министрлігі заң талаптарының орындалуы, қоғамдық тәртіпті сақтау, оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екенін мәлімдеді. Сондай-ақ мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу жалғасатынын хабарлады.
Бұған дейін елімізде 2026–2027 оқу жылында мектеп формасына қатысты негізгі талаптар қандай болатынын жазған едік.