Бакуде Рахмадиевтің «Алпамыс» операсы көрермендердің зор ықыласына ие болды

БАКУ. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Жақында Бакуде Әзірбайжан Мемлекеттік опера және балет театры өнерсүйер қауымға үлкен сый тарту етті - Қазақстанның жетекші сазгерлерінің бірі Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» қойылымы қойылды.
None
None

Аталмыш шара «ТҮРКСОЙ» жобасының аясында Әзірбайжандағы ҚР Елшілігінің қолдауымен өткен болатын. Салтанатты іс-шараны «ТҮРКСОЙ» ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасеинов ашып, алғысөзін айтты.

Опера Қаукен Кенжетаевтың либреттосына жазылған және қазақтың ұлттық эпосының батыры - Алпамысқа арналған. «Алпамыс» операсы - қазақ халқының қаһармандығын көрсететін терең мазмұнды, көркем және тарихи шындықты қамтитын ауқымды шығарма. Операның бас кейіпкері Алпамыс - ұлт қорғаны, жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелткен хас батыр. Оның қалыңдығы Гүлбаршынның да образы керемет. Оған даналық, сұлулық, адалдық деген қасиеттер тән. Әлбетте шығарманың ең қызықты тармағы қазақ халқының тарихи өмірінің сипатын беретіндігі.

Қойылымға әзірбайжан операсының жұлдыздары қатысты. Алпамыстың рөлін Антон Ферштанд ойнап шықты. Гүлбаршынды - Илаха Эфендиева, Жер-Ананы - Сабина Вахабзаде, Таймық ханды - Талят Гусейнов, Қаракөзді - Инара Бабаева, Қараманды - Фарид Алиев, Мыстанды - Фарида Мамедова, Кейқуатты - Турал Агасиев тамаша сомдады. Музыкалық жетекші әрі дирижер - Эйюб Гулиев. Қойылым көрермендердің үлкен ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Соңғы жаңалықтар