Бакуде салмағы 18 мың тоннаны құрайтын ғимарат орнынан жылжытылмақ
Бұл туралы бүгін Бакудегі ғимаратты көшіру бойынша жоспарға арналған баспасөз мәслихатында Bresser Eurasia BV компаниясының құрылтайшысы Леон Свеергерс хабарлады.
«Келесі аптада Әзербайжанда ғана емес, бұрынғы КСРО елдерінің аумағында тұңғыш рет Баку орталығында Физули көшесінде орналасқан ғимаратты жылжытпақпыз. Бұл оңай міндет емес, өйткені ғимараттың қабырғалары ауыр , оның салмағы 18 мың тоннаға жетеді. Бұл орнынан жылжытылатын әлемдегі ең ауыр ғимарат», - деді Л. Свеергерс.
Оның айтуынша, Баку қаласының билігі ғимаратты көшіру туралы шешімді екі себеппен қабылдады: жолдарды кеңейту және тарихи-сәулет ескерткішін сақтап қалу. Ғимарат 10,6 метрге жылжытылатын болады.
Өз кезегінде компанияның ортақ құрылтайшысы Херман Брессер Bresser Eurasia BV компаниясы түрлі ғимараттардың орнын ауыстырумен, негізінен Батыс Еуропада 30 жылға жуық уақыт айналысып келе жатқанын атап өтті.
«Нысанды жылжытуға 18 сәуір күні әзір боламыз деген ойдамын», - деп түйді сөзін Х. Брессер.