Бакуде ТМД мен Балтық елдерінің ұлттық Олимпиада комитеттері басшыларының форумы өтеді
КУ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Берік Хамидов/ - Бүгін Бакуде Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) пен «Олимпиадалық ынтымақтастық» ұйымының патронажымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы мен Балтық елдері ұлттық Олимпиада комитеттері басшыларының үстіміздегі жылдың 22 қазанына дейін созылатын аймақтық форумы жұмысын бастады.
Форумда ТМД-ның 12 елі мен үш Балтық мемлекетінің өкілдерімен қатар Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің өкілдері де қатысады деп күтілуде.
Форумда түрлі тақырыптарда баяндамалар тыңдалатын болады. Баку өзге елдермен қатар 2020 жылғы 32-інші Олимпиада ойындарын өткізуге үміткерлердің қатарында екенін еске алсақ, шараның екінші күнінде қатысушылардың Бакудегі Олимпиадалық кешендер мен спорттық нысандармен танысуы жоспарланып отыр.