Бакуде «Транскаспий халықаралық көлік бағдарын» дамыту мәселесі талқыланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 сәуірде Бакуде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаевтың төрағалығымен «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» Қауымдастығы басқармасының көшпелі отырысы мен жалпы жиналысы өткізілді.
Басқарманың отырысы мен Қауымдастық құрылтайшыларының жалпы жиналысында 2017 жылы атқарылатын шараларды ұйымдастырудың ішкі тәртібі құжаттары бекітілді. Сонымен қатар Басқарма мен Қауымдастық құрамына өзгерістер енгізіліп, бағдарды дамытудың жұмыс тобы бекітілді. Сондай-ақ басқа да ағымдағы мәселелер талқыланды.
«Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығы» ЗТБ 2017 жылы ақпан айында Астана қаласындағы (Қазақстан) штаб пәтерінде өз жұмысын бастады.
Қауымдастықтың негізгі мақсаты ТКХКБ-на жүкті транзиттік және сыртқы тасымалдауға тарту болып табылады. Баламалы бағдарларға бәсекелестікті қамтамасыз етеді. ТКХКБ аумағына логитикалық өнімдерді ықпалдастыруды дамытады, тиімді және тарифтік саясатты қалыптастырады.
Айта кетейік, «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» халықаралық қауымдастығы» ЗТБ құрылтайшылары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Әзербайжан теміржолдары» ЖАҚ, «Грузин теміржолдары» АҚ, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Әзербайжан Каспий теңіз кеме қатынасы» ЖАҚ, «Баку халықаралық теңіз сауда порты» ЖАҚ, «Батуми теңіз порты» АҚБ болып табылады.