Бакудегі ADEX-2026 көрмесінде 29 елдің қорғаныс технологиялары ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бакуде бүгін ADEX-2026 6-шы Әзербайжан халықаралық қорғаныс көрмесі мен Securex Caspian 15-ші халықаралық ішкі қауіпсіздік, қорғау және құтқару жабдықтары көрмесі ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Көрмелер Әзербайжан Қорғаныс өнеркәсібі министрлігі мен Caspian Event Organisers ұйымдасқан қолдауымен 30 қыркүйектен 2 қазанға дейін өтеді.
Биылғы ADEX көрмесіне бұрынғы жылғыдан көп қатысушы келді. Атап айтқанда 29 елден 270-тен астам компания, 14 ұлттық павильон және 33 елден 45 тіркелген шетелдік делегация қатысып жатыр.
Қатысушылар арасында Түркия, АҚШ және Еуропаның жетекші қорғаныс өнеркәсібі саласындағы компаниялары бар. Түркиядан Roketsan, Aselsan, Baykar, Turkish Aerospace Industries және Havelsan компаниялары келген. Ал АҚШ-тың Northrop Grumman, SIG SAUER және Lockheed Martin, Германияның Rheinmetall және Rohde & Schwarz, сондай-ақ Ұлыбританияның BAE Systems компаниялары осы көрмеге алғаш рет келіп отыр.
Көрмеде ұшқышсыз жүйелер, ұшақтар, брондалған көліктер, әскери-теңіз жүйелері, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, электрондық және оптоэлектрондық жүйелер, байланыс жабдықтары және басқа да қорғаныс технологиялары бар. Атап айтқанда, Түркияның өкілдері PAMİR 4×4, KİRPİ II 4×4 и VURAN 4×4 әскери көліктерін көрсетіп жатыр.
Securex Caspian көрмесінде құқық қорғау және шекара органдарына, құтқару және арнайы қызметтерге, сондай-ақ бейнебақылау жүйелеріне, ақпараттық және киберқауіпсіздікке, өрт қауіпсіздігіне арналған шешімдер ұсынылады.
Көрме аясында, сондай-ақ қорғаныс технологиялары, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, электрондық соғыс және басқа да салалар бойынша тақырыптық сессиялар өтеді. Әзербайжан мемлекеттік органдарының өкілдері, шетелдік делегациялар және қатысушы компаниялар арасындағы екіжақты кездесулер де жоспарланған.
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы жолаушылар тасымалын қайта іске қоспақ.