Бакудегі Ислам ынтымақтастық ойындарын 58 ел көрсетеді
Әзербайжан осынау орасан үлкен спорттық іс-шараны 12-22 мамыр аралығында өткізеді, деп хабарлайды casp-news.ru.
Исламиада-2017 баспасөз қызметі хабарлағандай, ұйымдастыру комитеті Әзербайжанда өтетін Баку-2017 Ислам ынтымақтастық ойындарын төрт құрлықтағы әлемнің 58 елі тікелей жеткізуі үшін радиохабар тарататын компаниялармен бірден бірнеше келісімге қол қойды.
Олардың арасында Иран, Бангладеш, Пәкістан, Индонезия, Малайзия, Ауғанстан, Бруней, Мальдив елдеріне хабар тарататын Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (Asia-Pacific Broadcasting Union (ABU)) бар. Сонымен қатар, Radio Televizionit Shqiptar (RTSH) телерадиокомпаниясы ойындарды тікелей эфирден көрсететін болады. Сондай-ақ, бұл жарыс Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстан елдеріндегі көрермендердің назарына да ұсынылады. Бұдан бөлек, The Arab States Broadcasting Union (ASBU), TV Media Sport (TVMS), TRT, National Communications Network (NCN), ATV және AzTV компанияларымен келісім жасалды. Осы арқылы Таяу Шығыс және Солтүстік Африка, Субсахаралық Африка, Түркия, Кариб бассейні, Әзербайжан елдерінің Исламиада ойындарын тамашалауына мүмкіндік туды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер ашылу және жабылу салтанатын, үздік спорттық жарыстар мен марапаттау рәсімін көрсететін күн сайынғы сағаттық бағдарламаларды, Түркия, Камерун, Марокко, Сауд Арабиясы, Оман, Палестина, Алжир мен Әзербайжан командаларының арасында өтетін барлық 16 футбол матчын, Ойындағы ең қызықты сәттерді ұсынатын екі сағаттық бағдарламаны тікелей эфирден көретін болады.
«Әлемнің 4 құрлығындағы 58 елде тұрып жатқан 1,5 млрд көрерменге ойынды тікелей эфирден көрсету арқылы біз адамдардың Ислам ынтымақтастығы спорт федерациясына мүше 57 елдің үздік спортшыларының басын бір жерге қосатын осындай ғаламат халықаралық спорттық іс-шараның бір бөлшегі болуына мүмкіндік береміз»,- деп мәлімдеді Баку-2017 ойындары комитетінің бас операциялық директоры Майк Лойнд.