Бакудегі қайғылы оқиға салдарынан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ ? ҚР Әзірбайжандағы елшілігі
БАКУ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы консулы Ерлан Әбішевтің хабарлағанындай, Әзірбайжан мемлекеттік мұнай академиясының ғимаратында орын алған қарулы қақтығыс барысында Қазақстаннан барып оқып жатқандар зардап шеккен жоқ,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Өз кезегінде ӘР Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі аталған оқу орнындағы қарулы атысқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Нақтылап айтқанда, Грузия азаматы саналатын, әзірбайжан текті 29 жасар Фярда Гадиров академияның «Мұнай-газ кәсіпшілігі» және «Мұнай механикасы» факультеттері орналасқан оқу корпусына кіріп келіп, «Макаров» тапаншасынан оқ жаудырған.Қайғылы оқиғаның салдарынан 13 адам көз жұмды және 13 адам түрлі деңгейде жарақаттар алды. Өзін өзі атқан кісі өлтірушіден тапаншадан басқа бес оқшантай мен 71 оқ табылған. ANS телеарнасының мәліметіне қарағанда, оққа ұшып қайтыс болғандар саны 17-ге жеткен. Жараланғандар арасында Сирия мен Судан азаматтары да бар.Студенттердің айтуынша, оққа ұшып қаза болғандар арасында академияның бірнеше оқытушылары да бар көрінеді.