Бакудегі жарылыстан мерт болғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ - СІМ

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - «Бакудегі жарылыстан мерт болғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ», - деп мәлімдеді бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистермен болған брифингте.

Бакудегі жарылыстан мерт болғандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ  - СІМ

«Мен бұл оқиғаға қатысты бірқатар шетелдік басылымдарда шындыққа сәйкесе бермейтін мәліметтердің жарық көргендігін ескерткім келеді. Дипломатиялық көздер арқылы алынған ақпараттарға сәйкес, Әзірбайжанның Мемлекеттік теңіз басқармасы 2012 жылдың 16 ақпанында Баку қаласындағы Хатаин ауданының Зых аулындағы кеме жөндейтін зауытта тұрған балықшылар кемесінде жарылыс болғандығын мәлімдеген. Бұл кеме Қазақстандікі емес. Сондай-ақ, жарылыстан зардап шеккендердің арасында да Қазақстан азаматтары жоқ», - дейді ресми өкіл.

Оның айтуынша, алдын ала алынған мәліметтер жарылыстың электрлі желімдеу жұмыстарының салдарынан болғандығын көрсетті. Қазіргі таңда Әзірбайжанның құзырлы органдары оқтиға болған жерде тексеру жұмыстарын жүргізуде.