17:34, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бақылаудың жоқтығынан бюджет қаржысы талан-таражға ұшырауда - Бас прокуратура өкілі
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде бюджеттен қаржыландырылатын бағдарламалардың орындалуын бақылау мен оған байланысты нақты іс-шаралардың қолданылмауы бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғуда.
Бүгін журналистермен болған апталық брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов осы мәселеге байланысты нақты мәліметтер келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, өндіріс қалдықтарын тастайтын полигондар мен аудан орталықтарындағы кәріз және дренаж жүйелерінің техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындауға мемлекеттен жылына 50 миллион теңге жұмсалады. «Соған қарамастан қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар мүлдем жүргізілмейді. Мемлекет қаржысының тиімсіз жұмсалуына қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бағдарламалардың орындалмауы немесе олардың аяқсыз қалуы да себеп болып жатады. Мысалы, Павлодар облысында құны 5,9 миллион теңгені құрайтын қалдықтарды тиісті мақсатқа жұмсау жөніндегі 2007-2009 жылдарға арналған бағдарлама сол күйі жүзеге аспаған. Кей жағдайда тіпті қалдықтар тастауға арналған полигондар салу үшін бөлінген аз ғана қаржының өзі талан-таражға ұшырауда», деп атап көрсетті ресми өкіл.