13:55, 04 Маусым 2009 | GMT +5
Бақыт ақшамен өлшенбейді ? ғылыми дәлелденді
ВАШИНГТОН. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат – «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деген мәтелдің шынайылығы ғылыми тұрғыда расталды.
Нәтижелері Journal of Research in Personality мамандандырылған басылымында жарияланған зерттеудің авторлары осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Утро.ру сайтына сілтеме жасап.Ғалымдар қазіргі адамдардың бақытты болуларына не қажет екенін түсінуге әрекет етіп бақты. Бұл үшін олар Рочестер университетінің (Нью-Йорк штаты) және Нокс колледжінің (Иллинойс штаты) 150 түлегінің арасында сауалнама жүргізген. Олардың өмірге деген қанағаттанарлық сезімдері, өзін-өзі бағалаулары және басқа адамдармен қатынастарының қалай өзгеретінін екі жыл бойы бақылаған. Зерттеу нәтижелері көпшілікті таңғалдырды.Мәлім болғанындай, материалдық байлықты, сұлулықты және атақ-даңқты өздеріне басты мақсат етіп қойған адамдардың өмірге деген қанағаттануы аз болып шықты. Сонымен қатар, ойлаған армандарына жеткендердің бақытқа кенелгендері де көп емес, оның есесіне мықты әлеуметтік байланыстары бар адамдар өздерін төрт құбыласы тең сезінген.«Өмірдегі маңызды нәрсенің не екеніне өз-өзіне әділ жауап беру үшін оқтын-оқтын үзіліс жасау өте маңызды», ? деді зерттеу авторларының бірі, психология профессоры Эдвард Дечи AM New York газетіне берген сұхбатында.