12:15, 09 Қаңтар 2019 | GMT +5
Бақыт Сұлтанов: Әрбір әкім - өз аумағының менеджері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жалпы құны 27,6 млрд теңге болатын 4 индустриалды жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін елорда әкімі Бақыт Сұлтанов қала активімен өткен жылды қорытындылауға арналған жиында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Басқарма басшылары мен аудан әкімдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту жұмыстарын күшейтулері қажет. Жеке және шетелдік инвестиция тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Бүгінде жалпы сомасы шамамен 3 трлн теңге болатын 193 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Бақыт Сұлтанов.
Оның дерегінше, 2019 жылы жалпы сомасы 27,6 млрд теңге болатын 4 индустриалды жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Сомасы 7 млрд теңге болатын 2 жоба құрылысы басталады.
«Әрбір әкім - өз аумағының менеджері. Сондықтан аудан әкімдері бөлінген қаржыны тек басқарып қана қоймай, бюджеттен тыс қаржы іздеуі және инвесторларды тартулары қажет», - деп ескертті қала басшысы.