Бақыт Сұлтанов қандай кәсіпорындар таратылатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қандай бағынышты кәсіпорындар жабылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Бүгін мен Үкімет отырысында бағынышты кәсіпорындарды оңтайландыру барысында бірнеше тетіктер қолданылатынын айттым. Оның бірі - ол жеке секторға сату және сенімгерлік басқаруға ұсыну жолымен шығару. Сонымен қатар қайта құру мен кәсіпорынды жабу тәсілдері де бар. Бұл мемлекеттің нарықтық алаңнан шығуына және оны жеке бастамалар үшін тазартуға жақсы әдіс болып табылады. Талдау нәтижесі бойынша 243 ұйым таратылатын болады», - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.

Осы ретте министр «Жұмыс орындары қысқара ма?» деген  сауалға да жауап берді. «Талдауға сүйенсек, бұлардың барлығы әрекетсіз кәсіпорындар екені анықталды, ол орындарда мүлдем ұжымдары жоқ. Олардың арасында әлеуметтік салада да өзінің қызметін жүзеге асырған ұйымдар бар. Бұл ретте бүгінде жұмыс істемей тұрған отбасылық дәрігерлік амбулаториялар, аудандардағы балалар мен жасөспірімдер клубтары бар», - деді ол.

Сұлтановтың айтуынша, олардың арасында арнайы бағдарламалар мен мақсаттарды іске асыру үшін құрылған кәсіпорындар кездеседі.

Бұдан бөлек, жаңа ережеге сәйкес, егер де сатылымға үш рет қойылғанымен, сатып алынбаса, онда олар таратылуға жатқызылады.

Осы орайда Алматыдағы емдеу-диагностикалық орталығы, Семейдегі «Еңлік-Кебек» кинотеатры, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындар қамтылған.

«Атап айтқанда, әрдайым әлеуметтік аспектілер қарастырылады және осы кәсіпорындар қысқа мерзімде жабылады»,-деп нақтылады министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Б. Сұлтанов  бүгінгі таңда мемлекеттік меншікте 7 мыңға жуық ұйым жұмыс істейтінін, олар - мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер екенін жеткізді.

«Түгендеу жөніндегі тапсырманың аясында әкімдердің орынбасарларын шақыра отырып және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен 16 облыс және 177 аудан тыңдалды. 6 751 ұйымның ішінен әр нысан қаралды. Сондай-ақ 376 республикалық меншік ұйымы бойынша 22 министрлік пен ведомство баяндады», - деді ол. Министрдің атап өтуінше, түгендеу нәтижелері бойынша мемлекеттік меншікті оңтайландыру 2 кезеңмен жүргізіледі. Алдыменен мемлекеттік меншік ұйымдарының саны 1 мыңнан аса ұйымға немесе 16 пайызға қысқарады. Екінші кезеңде  тағы 4 600-ге жуық ұйымға немесе бастапқы санынан 65 пайызға азайту ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар