Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алу заңнамасын көп бұрмалайтын өңірлерді атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың қаңтар-маусымында 726 млрд теңге бюджет қаражаты аудиторлық шаралармен қамтылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 6 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындыларын шығарған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алу заңнамасын көп бұрмалайтын өңірлерді атады

«Есепті кезеңде 726 млрд теңге бюджет қаражаты аудиторлық шаралармен қамтылды. 60 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталды. Тексеру кезінде анықталған заңбұзушылықтардың 48,8 млрд теңгесі қалпына келтірілді», - деді ол.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік сатып алудың рәсімдері күнделікті камералдық бақылауда.

1 шілдеге жалпы сомасы 4 трлн 514 млрд теңге болатын 315 мың сатып алу рәсімдері қадағаланды. Нәтижесінде 18 мың 278 процедуралар бойынша 423 млрд теңгеге заңбұзушылықтар анықталды.

«Мемлекеттік сатып алу заңнамасын көп бұрмалайтын өңірлер: Ақмола облысы - 59,5 млрд теңге, Қарағанды - 55 млрд теңге, Астана қаласы - 50 млрд теңге, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстары 29 млрд теңгеден. Нысандарға жіберілген хабарламалар арқылы 357 млрд теңгеге заңбұзушылықтар жойылды. Бұл жерде айта кетерлігі, ешқандай конкурстар тоқтатылмады», - деп атап өтті Сұлтанов.

 

Фото: primeminister.kz