Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот үкімі 15 қарашада шығады
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Ертең, 15 қарашада Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот үкімі шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін, 14 қарашада Атырау қаласындағы №2 сотта Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасты.
«Ертең, 15 қарашада Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот үкімі жария етіледі. Сот отырысы Атыраудағы №2 қалалық сотта жергілікті уақытпен сағат 10:00-де өтеді», -деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Б» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс түсті.
Атыраудағы №2 қалалық сотта Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.
Сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.
Қазанның 31 күні өткен сот отырысында прокуратура өкілі Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан, «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасқанын жазған едік.
Бүгін, 14 қарашада өткен сот отырысында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға соңғы сөз берілді.
«Менің бұл қылмыстық оқиғаға қатысым болған жоқ. Осы іс бойынша заңға сәйкес ақтау үкімі шығарылуы мүмкін», -деді Бақытгүл Хаменова.