«Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау кейінге шегерілді

«Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша азаматтардан өтінім қабылдауды шамамен 15 маусымнан бастағалы отырмыз. Бұған дейін БАҚ арқылы аталған бағдарламаға қатысуға құжат қабылдау 1 маусымнан басталады деп жариялағанбыз. Дегенмен қазіргі уақытта тұрғын үй төлемдерін субсидиялау жобасына басымдық беріліп жатыр. Сондықтан да осы жобаны аяқтап барып, «Бақытты отбасы» бағдарламасын бастауды жөн көрдік»,- деді Ләззат Ибрагимова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 51 млрд теңге бөлінді.
«Биылғы жоспарға сәйкес бұл бағдарлама арқылы 5 мыңға жуық отбасы баспаналы болады. Сондай-ақ осы жылы бағдарламаға қатысушылардың саны артады деп болжап отырмыз», - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға өтінім қабылдау мамыр айында басталатыны хабарланған еді.
Бүгінгі баспасөз мәслихатында 3 мың қазақстандыққа жалдамалы баспана үшін субсидия беру мақұлданғаны да айтылды.
Қазақстанда барлығы 608 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж.