«Бақытты отбасымен» несие алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күдіктіге 2 млн теңге жымқырды деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бақытты отбасымен» несие алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

«24 жастағы жұмыссыз шығысқазақстандық тұрғын «Халық банк» АҚ клиенттерінің банк карталарынан 2 млн теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. 2018 жылдың басынан бері ол әлеуметтік желілерде (ВКонтакте, Инстаграм), «ОLX» онлайн-хабарландыру алаңында екінші деңгейлі банктерден, сондай-ақ, «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасы арқылы несие алуға көмектесетіні туралы хабарлама таратқан. Осыдан кейін әлеуметтік инженерияны пайдалана отырып, ол адамдардың реквизиттерін (шот нөмірі, банк карталарының нөмірі, анкеталық мәліметір, ЖСН, СМС-кодтар) пайдаланған», - делінген департаменттің хабарламасында.

Тергеу нұсқасына сәйкес, түскен қаражатты күдікті Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Семей қалаларында қолма-қол шығарып отырған. Оның қазір 7 іске қатысы бары тергелуде. Көбінесе оның құрығына Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің азаматтары ілінген.

Қазіргі уақытта күдіктінің үстінен ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.