Бақыттың кілтін еңбектен тапқан Ешімовтер отбасы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Жарты ғасырдан астам уақыт өмір айдынында қол ұстасып бірге жүзіп келе жатқан ақмолалық Ақылбек пен Гүлсім Ешімовтер отбасының жеткен жетістігі мен алған асуы келешек ұрпақ үшін үлгі өнеге боларлықтай. Биыл бұл бақытты жұптың шаңырақ көтергеніне 53 жылдың жүзі болыпты. Отағасы Ақылбек еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында құқық қорғау органдары саласында биік белестерге жетсе, жан жолдасы Гүлсім қаржы саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бала кезінен полиция болуды армандаған Ақылбек Ешімов ішкі істер органдарындағы мансабын Жақсы аудандық Ішкі істер бөлімінде сержант ретінде бастапты. Кейін азаматтардың сенімінен шығып, әріптестерінің арасында сыйлы болған ол қоғамдық тәртіпті сақтаудың алдын алуда учаскелік инспектор, инспектор қызметіне тағайындалды. Артынша, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерді байқаған басшылық төлқұжат рәсімдеу бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Жақсы аудандық ішкі істер органдарының социалистік мүлік ұрлығымен күрес бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Ол қызмет істеп жүрген кезінде көптеген ауыр қылмыстардың беті ашылды. 30 жылдан астам уақыт бір салада тапжылмастан істеген еңбегінің арқасында құқық қорғау органдары саласында мол тәжірибе жинақтап, ұжымда сыйлы бола білді. Милиция майоры және ведомстводан тыс күзет бөлімінің басшысы болып құрметті еңбек демалысына шыққан Ақылбек Ешімов Жақсы ауданының құрметті азаматы және ҚР ІІМ ведомстволық наградаларымен бірнеше рет марапатталған. Сол себепті осы күні білікті маман әрі өз ісіне адал болған жанды иық тірестіріп бірге қызмет істеген әріптестері мен соңынан ерген жас мамандар үлгі тұтады.

«Бұл қызметке ең басты керегі – адамгершілік, төзім, сауаттылық. Сондай-ақ бұл қызмет адамды шыдамдылыққа үйретеді. Жауапты жұмыс болғандықтан, басшылардың берген тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға тырыстым. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік болды», - дейді зейнеткер.


Ал, осы шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Гүлсім Нұржанова көпбалалы отбасынан шыққан екен. Целиноград сауда техникумын тәмәмдаған соң, ұзақ уақыт қаржы саласының ыстық суығына төзіп еңбек еткен. Бойында туа біткен асыл қасиеттерінің арқасында отағасы мен балаларының бабын тауып, қызметінің де берекесін келтіре білді.

«Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, бүгінгі таңда әке жолын қуып үлкен ұлдары Жанатбек Ақылбекұлы полиция полковнигі, Көкшетау қалалық полиция басқармасының бастығы. Ал, одан кейінгі ұлдары Маралбек Ақылбекұлы ҚР Бас прокуратурасында бөлімше бастығы, қыздары Дана заң ғылымдарының кандидаты, Ұлттық Экономика министрілігі жанындағы акционерлік бірлестігінде басшының орынбасары қызметінде. Ата-анасынан үлгі алған балалары да бүгінгі күні шаңырақтарын биік, керегелерін мықты ұстап отыр.


Соңғы жаңалықтар