Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды коронавирустың қайта өршуіне жол бермеуге шақырды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус инфекциясының таралу динамикасы туралы айтып, пандемияны тоқтатудың жалғыз әрі сенімді тәсілі - вакцина екенін еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы» телеарнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде қала әкімі коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екенін айтты.

Өткен тәулікте COVID-19-дың 312 жағдайы тіркелді, оның 303-і - симптомды.

Эпидемия басталғаннан бері 175 434 адам вирус жұқтырды. Ал жыл басынан бері – 156 913 жағдай анықталды.

КВИ дертін жұқтыру базалық болжам бойынша тұрақтанып әрі төмендеп жатыр.

Дерттің төмендеу қарқыны сақталса, онда айдың соңында жұқтыру деңгейі тәулігіне 300-ден кем болады деген болжам бар.

Өткен аптада, алдыңғымен салыстырғанда, үй ошақтарында инфекция 4%-ға, сондай-ақ жұмыс орнында 0,9%-ға, туыстармен, көршілерімен және таныстарымен байланыс кезінде 0,6%-ға айтарлықтай өсті.

Сондай-ақ, қоғамдық көлікте – 4,8%-ға, сауда объектілерінде – 1,5%-ға жұқтырудың күрт өсуі байқалады.

Негізгі жұқтыру орындары сауда объектілері – 35%, қоғамдық көлік – 24%, отбасылардағы байланыстар – 20% және базарларда – 10%.

Инфекциялық стационарларда 1 255 адам жатыр. Оның 31-і бала.

Кеше бірінші компонентпен 1 581 адам, екінші компонентпен 2 691 адам вакциналанды. Биылғы жылдың 1 ақпанынан 19 қазанға дейінгі барлық кезеңде І компонентпен 981 759 адам, II компонентпен 906 264 адам вакциналанды.

Бақытжан Сағынтаев шетелдердегі, соның ішінде дерттің кезекті өсуі тіркелген Ресейдегі жағдайға назар аударды.

Сондықтан Алматы әкімі тұрғындарды КВИ пандемиясының өршуіне жол бермеуге, вакцина салдыруды кейінге қалдырмауға шақырды.

Вакциналанған әр адам ахуалды тұрақтандыруға және шектеулерді жоюға айтарлықтай үлес қосатын болады.


Соңғы жаңалықтар