Бақытжан Сағынтаев: Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа толқыны келе жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері шет мемлекеттерден 300 млрд теңгеге жуық инвестиция тартты. Бұл туралы Елбасының қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев: Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа толқыны келе жатыр

«Сіздің осы жұмысқа күш салуыңыздың арқасында Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетімізге шетелден 300 млрд АҚШ долларына жуық инвестиция тартылды. Қазақстан өз аймағында бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы болып табылады», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта шетелден инвестиция тарту құрылымы өзгерген.

«Шетелдік инвестициялардың 25 пайызы өндеу өнеркәсібіне бағытталып отыр. Шикізаттан тыс секторға - 50 пайыз. Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа толқыны келе жатыр», - деді ол.

Премьер-Министр бұл сөзін нақты мысалдармен шегелей түсті.

«Chevron компаниясының құны 37 млрд АҚШ долларлық инвестициясымен бірлескен Теңіз жобасының кеңейтілуінің қазіргі таңда әлемде баламасы жоқ. Қытай, Ресей, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея, Иран, Түркия мен өзге де мемлекеттермен өнеркәсіптік қуаттылықты дамыту бойынша құны 50 млрд АҚШ долларлық Сіздің келісімдеріңізді жүзеге асыру - Үкіметтің бақылауында», - деді Министрлер кабинетінің басшысы.