Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның АӨК саласына қатысты тапсырмалар берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту саласына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.
"Мемлекет басшысы АӨК бойынша жаңа міндеттер қойды. Онда жеке шаруашылықтың әлеуетін пайдалану, субсидиялау жүйесін жетілдіру, ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, суармалы жерлерді айналымға енгізу және ветеринарлық қауіпсіздік те бар. Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу, өңдеуші қуатты қамтамасыз ету, көтерме-үлестіру орталықтарын құру мен өнімді сақтау жүйесін дамыту арнайы блок болып құрылған", - деп атап өтті ол.
Осы орайда, Премьер-Министр ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қазақстан қаншалықты осындай инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілгенін анықтауды, Ұлттық экономика министрлігі және әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
"Осы мәселелердің шешілуі АӨК-ті дамыту жаңа мемлекеттік бағдарламасының негізіне енуі тиіс. Осыған байланысты, АШМ-ге мүдделі органдармен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламаның мерзімінде қабылдануын, оны су ресурстарын басқару бағдарламасымен ықпалдастыруды тапсырамын", - деді Б. Сағынтаев.