Бақытжан Сағынтаев ҚР Үкіметі құрамының жаңа мүшелерін таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет құрамының көп өзгермеуі Елбасының бізге зор сенімін білдіреді. Бүгін жаңа жасақталған ҚР Үкіметінің алғашқы отырысын өткізген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев осылай мәлімдеді.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлықтарымен Үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Көріп отырғандарыңыздай, көп кадрлық өзгерістер болған жоқ. Мұны Елбасының біздің бәрімізге көрсеткен үлкен сенімі деп қабылдауымыз керек. Сондықтан, Үкімет мүшелерінің атынан, өзімнің атымнан көрсетіп отырған қолдауы мен сенімі үшін алғыс айтқым келеді», деді Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар, Премьер-Министр Үкіметтің жаңа мүшелерін де таныстырып өтті. Атап айтқанда, Елбасы Жарлығымен Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары болып тағайындалған Асқар Мамин мен Иманғали Тасмағамбетов. «Иманғали Тасмағамбетовты елге таныстырып жату артық. Мемлекеттің ең маңызды салаларында қызмет атқарып келе жатқан аса тәжірибелі тұлға. Елбасының үлкен сеніміне ие мықты ұйымдастырушы, іскер басшы», дей келе, жаңа қызмет иелерін құттықтады. Сонымен қатар, Үкімет басшысы жаңадан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылғанын, оның басшылығына Нұрлан Ермекбаев тағайындалғанын атап өтті. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Сәкен Жасұзақов Қорғаныс министрі, Марат Бекетаев Әділет министрі болғанын айтып, олардың жұмысына сәттілік тіледі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚР Президентіне тікелей бағынатын орган болып құрылғанын атап өтті.