Бақытжан Сағынтаев Қытаймен арадағы жобаларға қатысты қауесетке жауап берді
«Үкіметтің қарамағында инвестициялық климатты жетілдіру жөніндегі кеңес бар. Оған Үкімет мүшелерімен бірге, шетелдік мемлекеттердің елшілері, инвесторлар қатысып, өздерінің ұсыныстарын жеткізіп келеді. Осы кеңестерде біздің жұмыстардағы кемшіліктер айтылып жатады, оның көпшілігі жергілікті жердегі атқарылып жатқан шараларға байланысты. Бұл тұрғыда Жеңіс Махмұдұлы (Инвестициялар және даму министрі- авт.) жергілікті жерлерде «ҚазақИнвест» арқылы «бір терезе» қағидаты аясында жұмыстарды жылдамдатып атқару қажет», - деп тапсырды Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр трансұлттық компанияларды тарту тұрғысында Мемлекет басшысы тарапынан айтылған ескертулерді назарға алу керектігін атап өтті.
«Қазақстан-Қытайдың бірлескен 51 жобасы туралы баяндалды. Жалпы құны 30 млрд долларға жуық тікелей инвестиция тарту ескерілген. Осы жерде бір мәселеге тоқталғым келеді, яғни кей кездерде Қытаймен арада жасалып жатқан жобалардың барлығы бұрын жасалған деген қауесет болып жатады. Бұл қате пікір, дұрыс емес. Бұл тұрғыда Елбасының қатаң талабы бар. Қытаймен бірлесе жасалған әрбір жоба бүгінгі халықаралық стандарттарға сай, тек жаңа технологияларға байланысты. Бұрын пайдаланылған ешқандай ескі жоба іске асырылып жатқан жоқ. Оны қоғамға «ҚазақИнвестпен» бірге нақты түсіндіру қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министріне қаратып айтқан сөзінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында министр Жеңіс Қасымбек Қытаймен және Түркиямен ынтымақтастық аясында іске асырылатын жобалар туралы айтып берді.
«Министрлік «ҚазақИнвест» АҚ-мен бірлесіп жалпы сомасы 47,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 145 инвестициялық жобаның базалық тізімін жасады (35 мың жұмыс орны). Оның құрамында Қазақстан-Қытай, Қазақстан-Түрік («Жаңа синергия») және басқа да инвестициялық жобалар бар. Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд АҚШ доллары болатын 51 жоба іске асырылуда. Қазіргі уақытта 140 млн доллар болатын 4 жоба іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы 11 жобаның құрылысы жүреді. Жалпы сомасы 363 млн доллар болатын 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Биыл Қытай капиталының қатысуымен 5 жобаның құрылысы басталады. Ондағы инвестиция көлемі 623 млн долларды құрайды», - деп атап өтті Қасымбек.