Бақытжан Сағынтаев министрлердің жұмысын бағалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2017 жылдағы атқарған жұмысы үшін Министрлер кабинеті мен әкімдерге алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қорытындылай келе, өткен жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң нәтижелерді көріп отырмыз. Біз 4 пайыздық экономикалық өсімді қамтамасыз ету туралы Елбасының тапсырмасын орындадық. Салалық министрліктер мен өңірлер өздерінің индикаторлары бойынша экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Үкімет пен өңір әкімдерінің, яғни барлығымыздың үйлесімді жұмысымыздың нәтижесінде осындай көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Сондықтан да баршаңызға ризашылығымды білдіре отырып, біздің алдағы жұмысымызға сәттілік тілегім келеді», - деді Премьер-Министр 2017 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысына арналған Үкімет отырысында.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4 пайызды құрағанын мәлім етті.
«2017 жылдың басты қорытындысы ел экономикасының өсімі қалыпқа келуі болды. 2017 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша ЖІӨ 4 пайызға өсті. Экономикалық өсу экономикалық қызметтің барлық сегменттерінде синхрондық жақсарумен теңдестірілген болды», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов.