Бақытжан Жұмағұлов мемлекеттік білім стандартын әзірлеуді тапсырды

АСТАНА.  24 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» республикалық педагогикалық тамыз конференциясында  Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мемлекеттік білім стандартын әзірлеуді тапсырды.

Бақытжан Жұмағұлов мемлекеттік білім стандартын әзірлеуді тапсырды

«Ы. Алтынсарин атындағы білім беру академиясы әлемдік тәжірибеге сәйкес мемлекеттік білім стандартын әзірлесін және білім мазмұнына қойылатын талаптарды қарастырсын. 
Осының негізінде 12 жылдық білім берудің бағдарламасы мен оқу жоспарларын әзірлесін»,-деді министр.

Бұдан бөлек, Б. Жұмағұлов «Оқулық» орталығына оқулықтар мен бағдарламалар дайындауға және сараптама жасауға қойылатын жаңа дидактикалық талаптар әзірлеп, тәжірибеге енгізуін тапсырды.
«Ы. Алтынсарин атындағы білім беру академиясы мен «Оқулық» орталығы: - жаңа парадигма негізінде «Қазақстан тарихы» бойынша бағдарламалар, оқулықтар мен құралдар әзірлеп, енгізсін;
- «Өлкетану», «Акмеология негіздері», «Қазақстандық құқық» пәндерін оқыту әдістемесін, оқу бағдарламаларын, оқулықтарды әзірлесін және мазмұнын анықтасын»,-деп жүктеді министр.