Бақытжан Жұмағұлов Мұсылман елдерінің инженерлік ұйымдары федерациясының президенті болып сайланды
МАТЫ. 28 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Мұсылман елдерінің инженерлік ұйымдары федерациясы (FEIIC) Бас ассамблеясының кезекті мәжілісінде ҚР Білім және ғылым министрі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұлов FEIIC Президенті болып сайланды.
Бұған дейін бұл қызметті иорданиялық Уал Ассагаа атқарып келген болатын. Жалпы 1989 жылы құрылған бұл халықаралық ұйымға қазіргі таңда 22 ел мүше. Оның президенті 2 жылда бір өтетін Бас ассамблея мәжілісінде, 2 жыл мерзімге сайланады.
"22 жылдық тарихы бар бұл ұйым ең алдымен инженерлер мен ғалымдардың бірігуін нығайтуға бағытталған. Ол технологияларды жетілдіру мен тәжірибе алмасуды көздейді, Қазақстан соңғы 15 жылдан бері бұл ұйымның құрамында", - дейді Бақытжан Тұрсынұлы. Оның айтуынша, Қазақстанда тау-кен өндірісі, Сауд Арабиясында мұнай өндіру, Малайзияда ақпараттық технология жақсы дамыған. Федерацияға мүше елдер бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, инженерлер мен ғалымдардың күш-жігерін біріктіруге күш салады.