Бала дертін жатырдағы кезінен анықтайтын құрылғылар тозған - министрлік
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жатырда дамып жатқан баланың бойында тұқым қуалайтын аурулардың бар-жоғын ерте анықтайтын құрылғылар тозған. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел - әрбір бала» тұжырымдамасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2007-2010 жылдары хромосомалық тұқым қуалайтын ауруларының бар-жоғына қан зерттеулерін жүргізу үшін республикадағы барлық перинаталдық орталықтар иммундық-химиялық талдауыштармен жарақтандырылған. Бүгінде олар сапалы пренатальды скрининг жүргізуге қауқарлы емес, тозған. Олардың көбі қазіргі заманғы талаптарға сай келмейді», - деп жазылған тұжырымдама-жобасында.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жатырда жатқан баланың бойында бар ауруларды ерте анықтай алмау салдарынан нәрестелер мүгедек болып туады. Тиісінше, олар ұзақ әрі қымбат тұратын емді, ерекше күтімді қажет етеді.
«2010 жылдан бастап Қазақстан перзентханаларында фенилкетонурия мен туа біткен гипотиреозға неонаталдық скрининг, барлық жаңа туған нәрестелер мен 6 жасқа дейінгі балалардың есту қабілетінің бұзылуына аудиологиялық скрининг, психофизикалық даму скринингі, шала туған нәрестелердің ретинопатиясына скрининг жүргізіледі. Статистикаға сәйкес, 1000 баланың ішінен 1-2-уі керең болып туады. Тағы 2-4 баланың есту қабілетінде өзге де дерттер байқалады», - деп деректер келтірілген құжатта.