Бала құқықтары жөніндегі уәкіл 152 ауданда Отбасын қолдау орталығын ашуды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің 152 ауданында Отбасын қолдау орталығын ашу ұсынылды. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеше Мемлекет басшысы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдаған еді.

«Осыған дейін ҚР Президенті Түркістан облысында өткен Ұлттық құрылтай барысында балаларды қорғау жүйесіндегі ең өзекті мәселелер мен басты бағыттарды айқындаған еді. Сондықтан қабылдау кезінде балалар құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстарымды баяндадым.

Ең бастысы – отбасыларға көмек көрсететін және оларды қиын жағдайдан шығаратын жүйе мен инфрақұрылым құру. Қазіргі таңда 3 миллионға жуық отбасы көмекке мұқтаж. Ал баланың әл-ауқаты отбасының әл-ауқатымен тікелей байланысты. Сол себепті бұл функцияны заңмен әлеуметтік қорғау саласына бекіту және 152 ауданда Отбасын қолдау орталығын ашу туралы жеткіздім», - деп жазды Д. Зәкиева Facebook желісінде.

Сонымен катар уәкіл әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту туралы баяндады. Қазір елімізде ерекше қажеттілігі бар 104 мың бала бар. Президентпен кездесуде олардың және де жетім балалардың өзекті мәселелерін шешетін ұсыныстар айтылған.

«Ерекше балаларға жане ауылда тұратын баларға арналған инфрақұрылымды дамыту керек. Балалардың 47 пайызы ауылда тұрады, алайда ауылдардың көбінде балаларға арналған инфрақұрылым саны жеткіліксіз», - дейді Д. Зәкиева.


Соңғы жаңалықтар