Бала күнімде ойыншығым болған жоқ - қуыршақ театрының артисі

Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып жүрген талантты жандар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі, "Сахнагер" ұлттық театр сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сәбила Абуева Kazinform тілшісіне өнері мен өмірі жайында сыр шертті.

- Сәбила Меңдіғалиқызы, өнердегі әріптестеріңіз сізді «Қарашаш» деп атайды. Ол қайдан шыққан?

- Біреу білсе, біреу білмес: мен егіздің сыңарымын. Әмина атты сыңарым бар. Ата-анамыз ертерек дүниеден өтті. Әжеміздің қолында өстік. Бізді сондай жақсы көрді. Мені Қарашаш Әминаны Алтыншаш дейтін. Әжем менің екі аяқты таксиім болатын, арқасына салып жүретін. Сосын жыл сайын менің шашымды өзгертіп отыратын. Көз тимесін деп біресе тұлым қоятын, біресе айдар қоятын, біресе кекіл қойып, жан-жағын қайшымен қиып тастайтын. Сөйтіп өскен баламын.

- Балалық шағыңызға саяхат жасайықшы. Бала күніңізде қандай ойыншықтарыңыз болды?

- Бала кезде ешқандай ойыншығым болған жоқ. Мен қыз баламын ба, ұл баламын ба түсінбедім. Неге десеңіз, кемпірдің қолында өскеннен кейін қысты күні бізге куфайка тігіп беретін. Сосын ендігі жылы киеді ғой деп үлкен кирзовый етік алатын. Сөйтіп балалық шағым өтті.

Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Қуыршақ театрын таңдаған адам қандай болуы керек?

- Ол адамның өзі өмір бақи бала болуы керек. Балалық қасиет – ол жүрегінде, қартайса да, сол жүрегінде қалады. Сонда ғана ол қуыршақ театрында істей алады.

- Қуыршақ театрының артисі болудың ерекшелігін атап өтсеңіз?

- Қуыршақ театрының ерекшелігі – жан-жақтылық. Біздің артистердің басқа драма немесе музыкалық театрының артистерінен басты ерекшелігі бір қойылымда бір адам бірнеше рөлдерді сомдай береді. Мысалы, «Ауыл иті Ақбай» атты қойылымда бір артист иттің рөлін сомдаса, дәл сол қойылымда мысықтың рөлін де ойнайды. Содан кейін, қуыршақ театрында ер адамның дауысы әйел адамның дауысы деп бөлінбейді. Екеуі де қуыршақтардың қай түрі болсын бөлмей сомдай береді. Міне, қуыршақ театрының басты ерекшелігі осы.

Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Осы күнге дейін балалықтан ажырамаған қандай қасиетіңіз бар?

- Біздің театрдың көрермендері кішкентай балалар. Олардың күлкісі шынайы, қөңілі таза. Жалпы, сахна әртісі көрерменен шабыт алады. Біз балалармен бірге шаттанамыз, сөйтіп жүргенде өзіміз бала болып кетеміз.

- Бір сұхабатыңызда арнайы білімім жоқ депсіз...

- Рас. Арнайы білімім жоқ. Оқуым – театр. Мен Сәбира апайым сияқтымын. Менің кіндік қаным тамған жерім Атырау облысы Махамбет ауданы бұрынғы Яманка дейді, сонда оқып жүргенімде «Ақ жайық» деген ансамбль болды, сол ансамбльде мен өнер көрсеттім. Бір күні бізге Алматыдан әртіс қыздар келді де маған осы Алматыға келуге ұсыныс жасады. Бірақ ол кезде мен қуыршақ театрының бар екенінен хабарым болмапты. Содан не де болса Алматыға оқуға түсемін деп келдім де, мына панфиловшылар паркінің жанында жүріп осы театрды көрдім де кіріп кеттім содан бері міне театр сахнасында жүргеніме жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Сондықтан ойлаймын бұл театр менің тағдырым. Құдайға шүкір, қанша директормен жұмыс істедім, ешқайсысына өкпем жоқ, бәрінен де тәлім-тәрбие алып, осындай атаққа жетіп отырмын.

Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Өзіңізге, қандай образ жақын?

- Мен 200- ден астам рөл сомдадым. Жалпы театрда қандай рөл беріледі соны сомдайсың ғой, ал енді менің кейіпкерлерім мінезді образдар - мыстан, ібіліс, сайтан кемпір. Жануарлардан түлкі бар. Бірақ осылардың ішіндегі мыстанның рөлдерін ерекше жақсы көремін. Театрымызда Нұрлан Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз» атты қойылымы сахналанды, сондағы мыстан менің сүйікті бейнем.

- Өміріңізді қандай жанрға жатқызар едіңіз?

- Трагикомедия. Мені өмір еркелетті деп айта алмаймын. Бірақ ұлым мен қызым әлі күнге дейін еркелетеді.

-Бақыт деген сіз үшін не?

- Бақыт деген – бала ғой, тәп-тәтті немерелерім.

- Әңгімеңізге, рахмет!

Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Сәбила Абуева
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

 

Соңғы жаңалықтар