Бала күтіміне берілетін төлем бойынша 2027 жылы қандай өзгеріс болады

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанда жұмыс істейтін аналар бала туғаннан кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем алады.

Бала күтіміне берілетін төлем бойынша 2027 жылы қандай өзгеріс болады
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қордан көрсетілетін бұл қолдау жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемнің заңды жалғасы болып табылады. Ол анаға босанғаннан кейін денсаулығын қалпына келтіруге, сәбиі бір жарым жасқа толғанша оның күтіміне көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Кімге және қанша уақытқа тағайындалады?
Әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын, яғни әлеуметтік аударымдары төленген аналар ала алады. Төлем бала туған күннен бастап тағайындалып, сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын төленеді. Егіз немесе одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады. Төлем тағайындау үшін бала туған күннен бастап 18 ай ішінде өтініш беруге болады.

Әлеуметтік төлем қалай есептеледі және қандай кепілдіктер қарастырылған?
Әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табысына қарай есептеледі. Оның көлемі осы табыстың 40%-ын құрайды. Бұл ретте есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 7 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспауға тиіс. 2026 жылы 7 ЕТЖ – 595 000 теңге болса, 2027 жылдан бастап бұл көрсеткіш 770 000 теңгені құрайды.

Ең төменгі төлем мөлшеріне кепілдік. Егер есептелген әлеуметтік төлемнің мөлшері бюджеттен төленетін бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақыдан төмен болса, Қор төлемді мемлекеттік жәрдемақы деңгейіне дейін міндетті түрде толықтырады. Жүйе жұмыс істеген уақыт ішінде мұндай қосымша төлемді 2 миллионнан астам әйел алған. Осы мақсаттарға Қордан бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 312 млрд теңгеден асты.

Болашақ зейнетақы жинақтарын қалыптастыру. Бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнен 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары ұсталып, алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылады.
Декреттік демалыс кезінде зейнетақы жинақтарының қалыптасуы үзілмейді. Бұл болашақта базалық зейнетақы төлемінің мөлшеріне және БЖЗҚ-дағы жинақ көлеміне оң әсер етеді.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін маңызды өзгерістер
Әлеуметтік сақтандыру жүйесін отбасы мен анаға көрсетілетін қолдауды жетілдіру бағытында дамыту жұмыстары жалғасуда.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамаға екі маңызды өзгеріс енгізіледі:
1. Әлеуметтік төлемді тек баланың анасы (жекелеген жағдайларда – заңды өкілі) рәсімдей алады.
Бұл тәсіл ана болу кезеңінде әйелдің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.
2. Жұмысқа шыққан жағдайда ана әлеуметтік төлем алу құқығынан айырылмайды.
Ана жұмысқа қай уақытта оралатынын өзі шешіп, бір жарым жасқа дейінгі кезең аяқталғанша әлеуметтік төлемді алуды жалғастыра алады.
Бұл өзгерістер бала туғаннан кейін жұмыс істейтін анаға көрсетілетін қолдаудың негізгі мақсатын сақтауға бағытталған. Осылайша, әйел бала күтімін, кәсіби қызметін және әлеуметтік қолдауды қатар алып жүре алады.

Маңызды! Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі аясындағы бұл төлем отбасының қаржылық жағдайына қарамастан, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалады.

Құжат жинаудың қажеті жоқ: рәсімдеу тәртібі және қолдау ауқымы
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу тәртібі барынша жеңілдетіліп, цифрландырылған. Бала тууы тіркелгеннен кейін ақпараттық жүйе төлем алу құқығын автоматты түрде тексеріп, оны рәсімдеу үшін проактивті форматта SMS-хабарлама жібереді. Бұл ретте қажетті анықтамаларды жинаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар өтінішті eGov.kz порталы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге немесе ХҚКО-ға жүгінуге болады.

Цифрлық форматтың қолайлылығы мен сұранысқа ие екенін 2026 жылдың 10 айындағы көрсеткіштер де растайды. Биыл бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемді 504 мың адам алып, оларға жалпы сомасы 287 млрд теңге төленді. Төлем тағайындауға өтініш бергендердің 95%-ға жуығы оны рәсімдеу үшін электрондық арналарды пайдаланған. Осылайша, ресми жұмыспен қамтылу қазақстандық аналарға сәбиі дүниеге келгеннен кейін сенімді әлеуметтік қолдау алуға мүмкіндік береді. Ал 2027 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістер бұл қолдауды ана мен баланың мүддесіне сай икемді ете түседі.

Осыған дейін 2027 жылы есепке алынатын табыс шегі 770 мың теңгеге дейін өсетіні туралы жаздық.