Бала мен ата-ананы қашықтан оқытуға қалай бейімдеуге болады – психолог кеңесі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Педагог-психолог, ЮНИСЕФ және ҚР ДМ Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының жаттықтырушысы Жұлдыз Махатаева қашықтан оқытуға балалар мен ата-аналарды психологиялық бейімдеу туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, карантин біздің өмірімізді түбегейлі өзгертті. Мектептерде қашықтан оқыту форматы енгізілді. Балалар ұзақ уақыт үйде карантинде болды. Осының бәрі адамның психолгиясына әсер етті.

«Қазір адамдар үйден жұмыс істеп жатыр. Жалпы бәріне оңай емес. Мұндай кезде сізде пайда болған мүмкіндіктерге назар аударып, үрейге берілмеу маңызды. Ең бастысы, байбалам салмау керек. Өйткені қазір барлығымызда үрей бар, ол кез келген нәрсеге байланысты болып жатыр. Оның ішінде жақындарыңызды инфекциядан қалай құтқаруға болады, үйден шықпай-ақ бір ай немесе белгісіз мерзімге қалай өмір сүруге болады, мектеп бағдарламасын қалай игеруге, емтихандарды қалай тапсырамын деген сияқты мазасыздық көп. Мұндай жағдай бұрын болмағандықтан не істеу керектігін жақсы түсінбейміз. Оның барлығы бұл жағдайға бейімделмеуден болып отыр», - дейді психолог.

Психолог ата-аналарға баласын мектепке бейімдеуге көмектесетін бірнеше маңызды ұсыныстар берді.

«Қашықтан оқыту - бұл ең алдымен жаттығу, бос әурешілік пен зерігуден құтылудың құралы емес екендігін түсіну керек. Тиісінше, күндізгі режимде оқу үшін арнайы уақыт бөлу қажет. Бұл әдеттегі мектеп уақыты болса жақсы, яғни күннің бірінші жартысы болғаны шарт. Бұл жағдайда визуализация техникасын қолданып көруді ұсынамын. Оны кез келген қарапайым адам қолдана алады. Өзіңді мектепке барып білім алып жатырмын деп елестетіңіз. Сіз мектепке бардыңыз, тек бұл жағдайда мектеп үйіңізде, бөлмеңізде, жұмыс үстеліңізде болады. Яғни елестутеу арқылы мектептегі атмосфераны қалыптастыру» - дейді ол.

Сонымен қатар, ол балалардың физикалық белсенділігін ынталандыру маңызды екенін айтты.

«Стресс - ең алдымен, дененің физикалық реакциясы, сондықтан физикалық күш-жігерді қажет ететін кез келген әрекет балаға онымен тиімді күресуге әсер етеді. Мәселен, үйді тазалау, жаттығу, ән айту, би билеу. Дегенмен баланы өзіне қызықты емес нәрсеге жұмсамауға тырысыңыз. Ол немен айналысқысы келетінін анықтаңыз, сөйлесіңіз. Оған қоса баланың шығармашылық қол еңбегін қолдау керек және әрдайым ынталандырып отыру қажет. Бала сурет салып, қандайда бір қолөнер бұйымдарын жасаса, одан бала ләззат алуы мүмкін немесе оны стресстен тыныштандырудың жолы. Сондықтан баланың айналысып жатқан ісіне құрметпен қараңыз», - дейді психолог.

Спикер, сөз соңында ата-аналардың психологиялық көмекке ғаламтор арқылы да жүгіне алатынын жеткізді.

«Бізде covid-19.mentalcenter.kz/ru сайты бар, онда мамандар қажетті көмек көрсетеді», - деді спикер.


Соңғы жаңалықтар