«Бала-шағаңды ойла!»: Өскемен тұрғынын қорқытып, жерін тартып алған алматылық ұсталды

Алматыдан Өскемен қаласына келген криминалитет өкілі жергілікті кәсіпкердің жерін тартып алу үшін отбасына күш көрсететінін айтып қорқытқан, деп хабарлайды Kazinform. 

Қылмыс
Фото: ШҚО полиция департаментінен

ШҚО-да криминалитет өкілін ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді. Белгілі болғандай, 57 жастағы ер адам Өскеменге Алматы қаласынан келген. Осындағы сыбайласымен бірге жергілікті кәсіпкерді бопсалаған. 

Қылмыс
Фото: ШҚО полиция департаментінен

«Кәсіпкерге және оның отбасына күш қолданатынын айтып қорқытып, оған тиесілі жер телімін өз атына аударуға мәжбүрледі. Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен ШҚО бойынша ҰҚК департаменті бірлесіп екі күдіктіні ұстады. Олардың бірі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Оның тұрғылықты үйін тінту барысында жерге қатысты құжаттар тәркіленді», - дейді облыстық ПД бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков. 

Қылмыс
Фото: ШҚО полиция департаментінен

Екінші күдікті қолхатпен босатылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігіне (Бопсалау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.