Бала сүюді жоспарлаған жұп дәрігерге қашан қаралуы керек - репродуктолог кеңесі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық акушер-гинеколог, репродуктолог Ақбөпе Байболат Мәскеуде өткен VI халықаралық «Медициналық ринг» байқауында бірінші орын иеленді. Ол жеті жыл бойы бала сүйе алмаған ерлі-зайыптының клиникалық жағдайын таныстырған. Маман бұл туралы Jibek Joly телеарнасындағы «Bugin.LIVE» бағдарламасында берген сұхбатында айтты.
Дәрігердің айтуынша, байқауға Қазақстан атынан жас маман ретінде қатысқан. Сайыс үш кезеңнен тұрған. Қатысушылар өздерін және жұмыс істейтін клиникасын таныстырып, есте қалған клиникалық жағдай бойынша баяндама жасаған. Сондай-ақ эссе арқылы өз мамандығының ерекшеліктері мен халыққа беретін ақпаратын ортаға салған.
Ақбөпе Байболат байқауда жеті жыл бойы бала көтере алмаған ерлі-зайыптының жағдайын таныстырған. Бұған дейін жұп екі рет экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) бағдарламасынан нәтиже ала алмаған. Дәрігер олармен төрт-бес ай бойы жұмыс істеп, кешенді тексеру мен емдеу тәсілін қолданған.
– Біздің клиникада биыл жаңа бағдарлама құрастырылды. Оның ерекшелігі – бірнеше маманның бірігіп жұмыс істеуі. Репродуктолог, андролог, психолог, гастроэнтеролог және интегративті медицина маманы қатысады. Себебі бедеулікке тек әйел адамның ағзасы емес, ер адамның денсаулығы да әсер етеді. Сондықтан біз тек репродуктивті денсаулықты емес, ерлі-зайыптылардың жалпы денсаулық жағдайын бағаладық, – деді ол.
Нәтижесінде ерлі-зайыпты ЭКО-сыз, табиғи жолмен жүкті болған. Дәрігер бұл жағдайды жас маман ретіндегі тәжірибесінде ерекше орын алатын клиникалық оқиғалардың бірі деп атады.
Сонымен қатар репродуктолог қазіргі қоғамдағы бала сүюді кейінге қалдыру мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мансап құру, білім алу және материалдық жағдайды реттеу секілді себептермен отбасы құру мен жүктілікті жоспарлау кейінге шегеріледі. Ал репродуктивті денсаулық уақытқа тәуелді.
– Отбасын құру мәдениетін жақсартуымыз керек. Мектеп жасынан бастап репродуктивті денсаулықтың маңызын түсіндірген жөн. Бұл туралы тек бала көтеруді жоспарлаған кезде емес, одан әлдеқайда ерте ақпарат беруіміз қажет. Дәрігерлер медициналық көмек көрсетумен қатар, ағартушылық жұмыстармен де айналысуы керек, – деді Ақбөпе Байболат.
Маманның айтуынша, репродуктологқа жүгіну міндетті түрде ЭКО жасату керек дегенді білдірмейді. Алдымен ерлі-зайыптылардың денсаулығы тексеріліп, жүктіліктің табиғи жолмен болуына кедергі келтіретін себептер анықталады.
– Экстракорпоралды ұрықтандыру – қосалқы репродуктивті технологиялардың маңызды емдік әдістерінің бірі, бірақ бірінші таңдау емес. Біз алдымен диагностика жүргіземіз. Егер табиғи жолмен жүкті болуға мүмкіндік болса, сол бағытта көмектесеміз. Сондықтан репродуктологқа қаралудан қорықпау керек, – деп түйіндеді дәрігер.
Айта кетейік, бұған дейін, 1 миллион 200 мың баланың кіндігін кескен гинеколог бедеулік пен белсіздік себептерін айтқан еді.