Бала сүюді жоспарлаған жұптар вакцинадан босатыла ма – маман жауабы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР ДСМ Инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова «Бала сүюді жоспарлаған жұптар вакцинадан босатыла ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жақын айларда жас жұбайлар бала сүюді жоспарласа, екеуі де коронавирусқа қарсы вакциналаудан босатыла ма? Вакциналаудан кейін біраз уақыт бала көтеруге қарсы көрсетілімдер болмай ма?», - деген сұрақ қойылды Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
«Егер жас жұбайлар жақын арада балалы болуды жоспарласа, вакциналаудан кейін бір ай (21-28 күн) жүктіліктен сақтануға кеңес береміз. Сондықтан, жас жұбайларға кейін ауырып қалмау үшін, әсіресе жүкті кезінде болашақ ананың қорғалуы үшін алдын ала вакцина салдыруға кеңес береміз. Вакцинадан кейін бір ай сақтану керек. Менің ойымша, бұл аса ұзақ уақыт емес», - деп жауап берді Роза Қожапова.
Бұған дейін ҚР ДСМ сарапшылары вакцинаның бірінші дозасын алған әйелдер жүкті екенін білгенде не істеуі керек деген сұраққа жауап берді.
«Егер әйел вакцинаның алғашқы дозасын алып, кейін жүкті екенін білсе, қорқынышты ештеңе жоқ. Оған екінші доза алмау туралы медициналық анықтама береді. Бүгінгі таңда жүкті әйелдерге вакцина салу мәселесі әлем бойнша талқыланып, қарастырылып жатыр», - дейді Р. Қожапова.