«Бала тағдырынан рейтинг қымбат болғаны ма?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 31 мамыр, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Еске алып, алға ұмтылайық! Біздің халқымыздың тарихы бай да қатпарлы. Онда ұлы жетістіктер мен жеңістер, сондай-ақ қасірет сынақтары мен үрейге толы кезеңдер аз болған жоқ. Тәуелсіздікке ие болған бүгінгі күн биігінен тарих тереңіне көз жібере отырып, экономикалық және әлеуметтік-саяси дамуы жағынан әлемдік қауымдастықта лайықты орнын иеленген мемлекет құрғанымызға тәубе дейміз. Бүгінгі табыстарымыздың ауқымдылығын шамалап, халқымыздың 30-шы жылдардағы жағдайының қаншалықты ауыр болғанын бағамдай аламыз. Ашаршылық мәселесі бойынша зерттеушілер тек ашаршылық оқиғаларымен шектелмей, өткен ғасырдың ішінде қазақ халқының басына ауыртпалық әкелген түрлі оқиғаларды қамти отырып, оның себептерін, салдарын талдап, ой қорытуда. Сонау, 1930-жылдарда болған сұрапыл оқиғалардың түпкі мән-жайын арналған мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін, қайта тудым, өмірге қайта келдім...» деген тақырыппен басылды.
Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі жұмысы жайында айтылады. Форумға әлемдік діни конфессиялардың, беделді халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ мәдениеттераралық үнқатысуды дамыту саласындағы қызметті жүзеге асыратын көрнекті ғалымдар мен сарапшылар, танымал қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер қатысуда. Съезге әлемнің 40-тан астам елінен 90-ға жуық делегация арнайы келіп отыр. Форумның пленарлық отырысы басталмас бұрын, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Дін көшбасшылары кеңесінің бірінші отырысы өтті. Қазақстан Президенті Кеңес мүшелері алдында сөйлеген сөзінде жаңа органды құру туралы ұсыныс, ең алдымен, қазіргі заманғы үдерістердегі дін мен конфессияаралық үнқатысу рөлінің арта түсуіне байланысты екенін атап өтті. Қазақтың ұлы ойшылы Абай «Ізгі ниетті істе ұятқа қалдыратын ештеңе болмайды» деп жазған. Діндер көшбасшылары кеңесінің мақсаты мен міндеті - игілікті де өзекті. Біз қазіргі әлемде үндесу, бейбітшілік пен келісім идеясын бекіту туралы қам жасаудамыз, деді Мемлекет басшысы. Осы айтулы жиын жайында басылымның «Үнқатысу арқылы бейбітшілікке үндеу - ең игілікті де ізгі қадам»атты тақырыптағы мақаласында бүге-шүгесіне дейін жазылған.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанның ұлттық палатасы «Атамекен» одағының президиум төрағасы Тимур Құлыбаев президиум бюросының үшінші кеңесінде «еліміздегі жекеменшік шаруашылық субъектілерін қоғамдық қауымдастыққа мүшелікке өтуін бизнес өкілінің қаржылық жағдайына байланысты өз еркімен міндеттеу керек» деген ұсыныс білдірді. «Мүшелікке өтуді міндеттеу-палата шешімінің легитимділігін қамтамасыз етеді» деп түсіндірді президиум төрағасы. Бұл мәселе жөнінде кеңірек білгіңіз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Атамекенге» өту міндеттелуі тиіс» атты мақаланы қараңыз.
***
«Бала тағдырынан рейтинг қымбат болғаны ма?»,- деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Басылымның жазуынша, қоғам бөлімінде: ҰБТ-ға дайындық науқанында оқушылардың жайын ойлап отырмыз ба деген тақырыптағы мақаласында қазіргі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе көтерілген. Расында да, мектепті бітерместен оқушыларды күштеп мектептен аластату, сол арқылы тек үлгерімі жақсы балаларды ғана ҰБТ-ға қалдыру тәрізді құбылыс кеңінен өріс алып келе жатқаны белгілі. «Қазір барлық дерлік мектеп директорлары мен мұғалімдер кейбір 11-сынып түлектерін ҰБТ тапсырмауға үгіттеу үстінде. Тіпті нашар оқитын 9-сынып оқушыларын колледждерге қуып жатыр»,-делінген бұл мақалада.
Аталмыш басылым бүгінгі санында тағы «Қазақстанда темекі экспансиясы күшейіп отыр»,-деген тақырыппен материал басты. Онда елімізде жыл сайын 25 мың адам шылым шегудің салдарынан ажал құшатындығы айтылады. Бұл-өлім-жітімді алып тастағанда, бір жылда болатын табиғи өсімнің тең жартысы. Сөйтіп, қазақ темекіден қырылып жатыр. Ал шетелдік компаниялардың тасы өрге домалап, кәсіптері өркендеп келеді.
***
«Экспресс-К» басылымының «Кому и кобыла - текила» тақырыбындағы мақаласында, елорданың түнгі демалыс орындарының бірінде қымыздан жасалған алкогольдік коктейль жасалатындығы айтылған. Оның құрамында қымыздан басқа текила, бренди, апельсин сиропы және апельсиннің өзі қосылады. Дәстүрлі түрде сүттен жасалған коктейльдерді көбінесе нәзік жандылар ішеді екен, алайда аталған сусын ерлер арасында да жоғары сұранысқа ие болып отырған көрінеді.