Бала зәбір көрген: Оралда балабақша қызметкері жұмысынан босатылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында әлеуметтік желіде балабақша қызметкерлері тарапынан баласының зәбір көргені жөнінде ата-ана шағымы жарияланды. Баланың анасы Ранида Ералиеваның Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бастапқыда балабақша қызметкерлері мәселені жоққа шығарғанымен, бейнежазбадан барлығы көрініп тұр.

Бала зәбір көрген: Оралда балабақша қызметкері жұмысынан босатылды
Фото: Видеодан скрин

Оның сөзіне қарағанда, әкімші басқа қызметкерлердің көзінше балаға айқайлап, оны кереуетке лақтырған. Содан кейін кереуеттен жұлып алып, еденге тастаған. Сосын камера орнатылмаған жертөлеге алып кеткен. Баланың жылап, «ауырады» деп айтқаны естіліп тұр. Кері әкелгенде де, жылаған бүлдіршінді ешкім тыныштандырмаған.

— Бұл бір ғана күннің бейнежазбасы. Басқа күндердің бейнежазбасын сұрағанда, қызметкерлер жоқ деп айтты. Шын мәнісінде бейнежазба 30-40 күн сақталуы керек. Баламның қыркүйек айы бойы зәбір көргендіктен, қорқып барғысы келмегені енді түсінікті болды. Барлық кінәлілерді қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартуды талап етеміз, — деді Р. Ералиева.

Оның айтуынша, психикасы бұзылған бала қазір ауырып жүр. Медициналық анықтамада оң жақ шынтағы мен сол жамбасында теріасты көгерген жер бар екені көрсетілген. «Montekids» жеке балабақшасына ата-аналар айына 120 мың теңгеден төлейді.

Орал қаласы білім беру бөлімінен алынған мәліметке қарағанда, ата-ананың шағымы негізінде І.Есенберлин көшесі 10/1-мекенжайындағы «Montekids» балабақшасында ішкі қызметтік тексеру жүргізіліп, бейнежазбалар қаралған.

— Нәтижесінде балабақша әкімшісі тарапынан балаға қатысты орынсыз қарым-қатынас фактісі анықталды. Барлық бейнежазбалар мен материалдар тиісті тергеу органдарына жолданды. Қазіргі таңда әкімші қызметінен шеттетіліп, тәрбиеші жұмыстан босатылды. 2025 жылғы 28 қазанда бөбекжай ата-аналарының ресми өтініші негізінде жиналыс өткізілді. Соның нәтижесінде ата-аналарға онлайн бақылау жүйесіне қолжетімділік қамтамасыз етілді. Бөбекжайдағы жағдайды жан-жақты зерделеу үшін Орал қаласы білім беру бөлімі жанынан арнайы комиссия құрылып, қосымша тексеру жүргізілуде, — делінген ресми жауапта.

БҚО бойынша бала құқығы жөніндегі уәкіл Шаттық Өтебалиева мәселенің бақылауда екендігін жеткізді.

— Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, барлық мән-жай зерттеліп жатыр. Оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданып, қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілік дәрежесі айқындалады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, бұл жөнінде толығырақ ақпарат беру мүмкін емес, — деді Ш.Өтебалиева.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да білім саласының 40-қа жуық қызметкері жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар