Балабақша бухгалтері мен шаруашылық меңгерушісі 53 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған

прокуратура
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда балабақша бухгалтері мен шаруашылық меңгерушісі сөз байласып, бірнеше жыл қатарынан бюджет қаражатын жымқырып келген. Сот оларды 7 жылға бас бостандығынан айырды.

Павлодар қаласының № 2 сотында 53 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған балабақша бухгалтері мен шаруашылық меңгерушісінің ісі қаралды.

Белгілі болғандай, 2022 жылдың қаңтарынан бастап 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде «Павлодар қаласындағы № 4 бөбекжай-бақшасы» МҚКК бухгалтері Б.А. аталған мекеменің шаруашылық меңгерушісі Б.Ж.-мен алдын ала сөз байласып, өз шоттарына заңсыз ақша аудару жолымен бюджет қаражатын жымқырған. Екеуі жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірген.

«Бухгалтер мұнымен тоқтамай, осыған ұқсас қылмыстық схеманы пайдаланып, 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында «Павлодар қаласының № 7 бөбекжай-бақшасы» МҚКК-ның бухгалтері болып қызмет атқарып, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Сондай-ақ, Аққулы ауданындағы «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасында қашықтан бухгалтер болып жұмыс істей жүріп, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың мамыры аралығында жалпы сомасы 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын қолды қылған», -деп хабарлады Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметінен.

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды — кінәсін толық мойындауды, шын жүректен өкінуді, келтірілген зиянды ішінара өтеуді, Б.А.-ның бес жас баласының болуын ескере отырып, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады. Сондай-ақ Б.А.-ны мемлекеттік ұйымдарда 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан, ал Б.Ж.-ны 5 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қаржылық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, елорда соты Майқайыңдағы құтқарушылардың өліміне жұмыс беруші тарап кінәлі деп таныды.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum