Балабақша мен мектептерге арналған ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланатын болады - А. Смайыл
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Балабақша мен мектептерге арналған ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланатын болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
«Заң жобасындағы ерекшеліктің бірі балаларға арналған ақпараттың жекелеген түрлерін таратуға қойылатын қосымша талаптар жеке бап ретінде енгізіліп отыр. Осы бапқа сәйкес, енді мектепке дейінгі балалар ұйымдарында балаларды оқыту және тәрбиелеу үшін пайдаланатын ақпараттық өнімнің мазмұны мен безендірілуі қадағаланатын болады. Дәл осындай бақылау білім беру жүйесінде де іске асады», дейді А. Смайыл. Депутаттың айтуынша, құжаттағы сүбелі үлестердің бірі ақпараттық өнімге сараптама жасалады. Атап айтқанда, ақпараттық өнімге сараптама жүргізу құқына ие болатын сарапшылар мен сараптама ұйымдарын уәкілетті органның жанынан құрылатын комиссия жүзеге асыратын болады.
«Заң жобасына сәйкес, шет елдерден де, іштен де сатып алынатын ақпараттық бағдарламалар жас санаттарына сәйкес таңбаланып келуге тиіс. Таңбалануы талап етілетін фильмдер мен бағдарламалардың қатарына енді балаларға арналған ақпараттық өнімдер де енгізіліп отыр», деді депутат.