Балабақша педагогтерінің жалақысын көтеру қаралып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген педагогтердің жалақысын өсіру бағытында тиісті іс-шаралар пысықталып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Балабақша педагогтерінің жалақысын көтеру қаралып жатыр

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында балабақша педагогтерінің орташа жалақысы туралы сұрақ қойылды.

«Егер 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар және ең төменгі ІІ санаты бар балабақша педагогінің орташа айлығына тоқталсақ, шамамен 164-172 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ, жұмысқа енді ғана орналасқан жас маманның жалақысы 94-120 мың теңге аралығында болады. Әрине, осы сомадағы жалақы тым аз екенін түсінікті. Сол себепті мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің табысын тағы да кезең-кезеңмен көтеруді қарастырып жатырмыз», - деді М. Адамова.

Осы орайда ол 2023 жылдың аяғына дейін мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің айлығын көтеру мәселесі қарастырылатынын айтты.

Айта кетейік, 2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешуді, сондай-ақ тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейтуді тапсырды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жүр. Оның ішінде ауылдарда 41 596 (42,7%), ал қалада 55 811 (57,3%) адам қамтылған.

Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім беріп жатыр.

Кейінгі 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны екі есеге азайды.